“Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне қызмет етуге келген әскерилер Тұрғын үй құрылысы жинақ ақша банкінде жинақ есепшотын ашу құқығына ие болмақ. Оған ай сайын бюджеттен ақша аударылып отыратын болады”,- деді Қ.Жаңбыршин.
“Ай сайынғы салым үш адамнан тұратын отбасы үшін 20 жылдан кейін аумағы 75 шаршы метрден кем болмайтын 3 бөлмелі пәтер сатып алуға жететіндей мөлшерде болуға тиіс”,- деді ол.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру әскерилердің баспана тауқыметін шешуге мүмкіндік беруге тиіс, деп санайды Қ.Жаңбыршин. “Осындай жолмен тұрғын үйлерді тарату жүйесі келмеске кетеді”,- деді ол.
“Бағдарлама қабылданғаннан кейін мемлекет 800 офицерге жылына 200 млн. теңгеден аспайтын көлемде қаржы жұмсайтын болады”,- деді министрдің орынбасары.
Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, министрлік жүйесінде 3 мыңдай әскери қызметкер баспанаға мұқтаж.