Атап айтсақ, ҚР Қарулы күштерінің мобилизациялық әлеуетін жақсарту үшін қорғаныс министрлігі жоғары және орта білім ошақтарының сыртқы бөлімінде оқитын жастардан өзге әскери борышын өтеу жасындағы барлық жастар үшін қарастырылған жеңілдіктерді түгелдей алып тастау туралы ұсыныс енгізбекші. "Мұндай ұсыныс ҚР азаматтарының құқықтық теңдігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр",- деді М.Алтынбаев.
Сондай-ақ, азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедрасын тәмамдаған түлектерге офицерлік атақтар беруге тыйым салынбақ. Балама ретінде оларға "запастағы прапорщик" немесе "запастағы қатардағы жауынгер" тәрізді аралық атақтар берілуі мүмкін. Ал оларға "лейтенант" деген офицерлік атақ прапорщик қызметінде 3 жыл, немесе қатардағы жауынгер ретінде 1 жыл әскери борышын өтегеннен кейін ғана берілетін болады.
ҚР күш құрылымдарының басшылығында болған өзгерістерге қатысты түсініктеме берген М.Алтынбаев : " бізге бұл өзгерістерге қатысты барлық мәселені мамыр айына дейін дәйектеу туралы тапсырма берілді",- деп хабарлады. Басшылықтағы өзгерістер осыдан кейін жүзеге асырылуы мүмкін. Оның айтуынша, қорғаныс министрінің қызметіне азаматтық адамды тағайындау туралы шешім осы мерзімге дейін қабылдануы мүмкін.