Қорғаныс министрлігінің басшылығы Лондон Олимпиадасына қатысатын әскери спортшылармен кездесті

Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық Олимпиада құрамасының Тұманды Альбионға жүруіне санаулы күндер қалды. Қорғаныс ведомствосының басшылығы осы мүмкіндікті пайдаланып, әскери спортшыларға сәт сапар айтып, ақ жол тіледі.

ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан спорттың 25 түрінен 115 спортшы қатысады. Ұлттық құраманың жалпы жолдамасының бесінші бөлігі Қазақстан Қарулы Күштерінің еншісінде. Бұл жолғы әлемдік додада 26 әскери спортшы Қазақстанның намысын қорғамақ. Олар жеңіл атлетика, байдаркадан есу және каноэ, синхронды жүзу, дзюдо, еркін күрес, бокс, жүзу және қазіргі бессайыс сынды спорт түрлерінен сынға түспек.

Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спорттың 23 түрінен өнер көрсеткен болатын.

2011 жылы өткен VІІ қысқы Азиада ойындарында Ұлттық құраманың 16 пайызын Армия орталық спорт клубының спортшылары құраған болатын. Сол жолы олар жалпы жүлденің 33 пайызын еншілеген. XVІ жазғы Азия ойындарында да Ұлттық құрамының 20 пайызын құраған әскери спортшылар жалпы жүлденің 37 пайызын қанжығаға байлаған.

Кездесу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов спортшыларға ұстамдылық пен өз күштеріне сенімділік тіледі.