«Қорғас ісіне» қатысты сотта 45 адамның біреуінің ғана жазасы жеңілдетілді


Бұған дейін Мәрлен Сәдібеков 5 жылға сотталған болатын. Ал өзге басты фигуранттардың жазасы сол күйі өзгеріссіз қалды. Мәселен, «қылмыстық топтың жетекшісі» деп танылған Талғат Қайырбаев 16 жылды арқаласа, оның тікелей сыбайласы саналған Бақыт Отарбаевқа 13 жыл берілген. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облыстық департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құрмәналиев 16 жылға, Алматы облысының Кедендік бақылау департаментінің экс-бастығы Құрманбек Артықбаев 14 жылға, «Қорғас» бекетінің бастығы болған Бақытжан Айдаров 5 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Естеріңізге салсақ, «Қорғас»  кеден бекетіндегі былық осыдан 3 жыл бұрын әшкереленген болатын. Кілең лауазымды шенеуніктерден құралған топтың Қытай өткелін 5 жыл бойы майшелпекке айналдырып келгені анықталды. Негізі бұл қылмысқа 64 адамның қатысы бар делінуде. Бірақ оның 45-іне 3 жылдан 17 жылға дейін жаза кесілсе, 19-ы әлі іздеуде жүр.