Қоршаған ортаны қорғау министрі сыбайлас жемқорлық оқиғаларына және оның алдын-алуға байланысты төтенше жиналыс өткізді

Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аймақтық басқармасының бастығын өзінің қызметтік бөлмесінде 20 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара алуы кезінде ұстаған болатын. Осы оқиға бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментінің тергеу бөлімшесі қылмыстық іс қозғаған.

Баспасөз баянында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылымдық бөлімшелердің жетекшілерін сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу бойынша төтенше шаралар қолдануға міндеттеген болатын.

Атап айтқанда, баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов табиғат қорын пайдаланушылардың жемқорлық туралы хабарлама бере алуы үшін "шұғыл телефон желісі" қызметін ұйымдастыруды, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу мәселесін талқылау бойынша ұжымдық жиналыстар өткізуді, сыбайлас жемқорлық мүмкіншілігін болдырмау мақсатында әрбір бөлім мен әрбір қызметкердің жұмысын сараптамадан өткізуді тапсырған еді.

Министр бұдан бұрын өткізілген министрлер коллегиясының отырысында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін талқылауда, содан соң арнайы өткізілген жиналыста берілген ерекше ескертулерге қарамастан аймақтық басшылар осы бағытта жұмыстар жүргізіліп отырмағандығын, керісінше, сыбайлас жемқорлық облыстық басқарма басшылары тарапынан көрініс тауып отырғанын айрықша атап өтті, деп көрсетілген министрлік таратқан баспасөз баянында.

Қоршаған ортаны қорғау министрі барлық аймақтық басқармалар, акционерлік қоғамдар және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларын сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу және оны болдырмау үшін дербес жауапкершілік жүктейтіндіктерін ескертті, деп айтылған баспасөз баянында.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті