Екі аймақ темір кенін өндіру және өңдеу, жабдықтар мен жүк көліктерін сату саласында экономикалық байланыстар орнатуды көздеп отыр. Сондай-ақ, Қостанай астығын Қытайдың күнделікті тұтыным тауарларына айырбастау шарасын жолға қою жоспарда бар.
Ян Чжи Миннің айтуынша, Ганьсу провинциясы мен Қостанайды "пайдалы қазбалар өндіру және өңдеу саласы өзара жақындастырады". "Қазір Ганьсуда түсті металл материалдардың жаңа базасы салынуда. Ал Қостанай облысы пайдалы қазбалар қорына бай. Сол себепті өзара алыс-беріске бағытталған екі жақты ынтымақтастықтың болашағы зор",- деді ол. Қытайлықтар Қостанай облысы аумағындағы никель, мыс, алюминий, мырыш сынды түсті металл кеніштерін бірлесе игеруді және Ганьсу құрыш-болат комбинатына экспортталатын темір кенінің көлемін арттыру мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуді ұсынады.
Қытайлық кәсіпкерлер Қостанайдың ауылшаруашылығы өнімдеріне де қызығушылық танытты. Олар Қостанай астығын күнделікті тұтыным тауарларына баспа-бас айырбастауды ұсынады. Ян Чжи Миннің айтуынша, "Қытай облысқа тек сапалы өнімдер ғана шығаруға міндеттеме жүктеп алады". Ганьсу вице-губернаторы сондай-ақ, өз сөзінде, жақын арада Қостанайда Қытайдың өнеркәсіптік және азық-түліктік өнімдерінің үлкен жәрмеңкесі өткізілетінін мәлімдеді.
Қостанайлықтарды Қытайдың ежелгі тарихымен таныстыру үшін туристік желі құру мәселесі де көтерілді.
Өзара достық және ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойғаннан кейін облыс әкімі С.Кулагин "ендігі жерде туындаған проблемаларды, атап айтсақ, астық беру, темір кені шекемтастары мен жабдықтарды қалай сату керектігі туралы мәселелерді кәсіпкерлер өзара келісе шешеді" деп атап өтті.
Қостанай облысының басшылығы мен жергілікті кәсіпкерлер жауап сапармен Пекинге 2008-жылы баратын болып уағдаласты.