Қостанай облысында 17 жастағы ана сәбиін тастап жезөкшелік жолға түскен

Облыстық құқық қорғау органы өкілдері “STOP трафик” операциясын жүргізу барысында жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу оқиғасы бойынша екі жағдайды анықтады.

Ұзынкөл ауылының 17 жастағы тұрғынының жеңіл жолға түсуіне 19 жастағы танысы себеп болыпты. Жалғыз басты әлі кәмелетке де толмаған ана 5 айлық баласын асырау үшін оған келісім берген.

Ал қыздың ата-анасы қыздарының қандай жұмысқа “тұрғанын” тәртіп сақшыларынан білген. Сосын олар арыз жазады. Аталған жағдай бойынша ҚР ҚК 134 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Жезөкшелікке тарту бойынша екінші факт Қостанай қаласында анықталды.  18 жастағы қызға тай массажын жасайтын салонда жұмыс істеуді ұсынған 28 жастағы күдікті қолға түсті. Осы жұмыс үшін ол тәуір ақша уәде еткен. Зардап шегуші өзінің жыныстық қызмет көрсететінін түсінгеннен кейін қарсылық білдіріп, салоннан қашып шығып полицияға арыз түсірген.