Қостанай облысында балалар қылмысының деңгейі күрт өсіп отыр

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биыл мектептер мен гимназиялардың 500-ге тарта оқушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскерлердің 61 пайызын құрайды.

"Үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың үлес салмағы 6-дан 8 пайызға дейін өскені көрініп отыр", - деп хабарлады Қостанай облысы прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы міндетін атқарушы Еркін Тайкешов.

Оның айтуынша, Алтынсарин, Денисов, Қарасу, Меңдіқара және Наурызым аудандарында, сондай-ақ, Қостанай және Рудный қалаларында өсу көрсеткіші жоғары болған.

"Осы жылы 600-дей қылмыс жасөспірімдердің мойынында. Тіпті осы аптаның өзінде 2 кісі өлімін кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған. Жасөспірімдердің мастық жағдайында жасаған қылмыстарының саны айтарлықтай өсті", - деді Е. Тайкешов.

Е. Тайкешов сондай-ақ, осыған байланысты әкімшіліктер мен білім беру мекемелеріндегі педагогикалық ұжымдардың қызметі сын көтермейтіні және ол жерлердегі жастарды балалар қылмысының алдын-алу бойынша тәрбиелеу жұмыстары қойылған талаптарға еш сәйкеспейтінін атап көрсетті.

Сонымен бірге, жасөспірімдерді қадағалау комиссиясының қызметкерлерінде нақты өкілеттілік жоқ, деп санайды облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов. "Біз комиссияның құқығының шектеулігі өзіне тұсау болып жатқан жағдайлармен жиі ұшырасып жатырмыз. Комиссия бар болғаны олар үшін ешқандай маңызға ие емес көлемде айыппұл ғана сала алады", - деп атап көрсетті әкім орынбасары.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті