Қостанай облысында бүтін бір отбасы өрттен көз жұмды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Өрттен егде жастағы әйел, оның қызы мен ұлы, сондай-ақ екі жасар немересі көз жұмған.

20 маусым түнгі екі шамасында Жітіқара қаласында Комсомольская көшесіндегі жер үйлердің бірінен өрт шықты.

"Куәгер 102 қызметіне қоңырау шалып, үй лапылдап жанып жатқанын айтқан. Оқиға орнына бес өрт сөндіруші, екі техника мен басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері аттанды", - деп мәлімдеді Қостанай облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды бір сағат ішінде ауыздықтады.


"Оқиға орнынан өртті сөндіру кезінде 63 жастағы үй иесінің, оның 39 жастағы ұлы мен 36 жастағы қызының, сондай-ақ екі жасар немересінің денесі табылды. Өрт пен адам өлімінің себептері анықталуда", - деп нақтылады департамент.

Өрт орнында анықтаушылар мен өрт зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды.