Бұл облыста таяуда ғана прокуратура дәрілік заттар сататын нысандарды тексеруді аяқтады. Тексеру барысында дәрі-дәрмек сапасына және оларды сақтау және сатуға қатысты санитарлық нормаларға бағынуға байланысты бірқатар заң-тәртіп бұзу оқиғалары тіркелді.
Облыстық прокуратураның аға прокуроры Әсия Досжанованың айтуынша, тексеру барысында негізінен мерзімі өтіп кеткен дәрі сату, дәріні дәрігердің рецепт қағазынсыз сату, дәрілік заттарды сақтаудың температуралық режимін бұзу тәрізді оқиғалар әшкереленді. Сондай-ақ, дәрілік заттарды сатуға тыйым салынған жерлерде дәрі сату жайттары да кездескен. Мәселен, Меңдіқара ауданында екі бірдей дәріхана дүңгіршегі бояулы бұйымдар сататын дүкендерде орналасып келген. Ал бұл санитарлық нормалар мен тәртіптерге мүлдем қайшы. Сондай-ақ, Ресейден дәрі-дәрмек тасумен айналысатын кәсіпкерлер жүк туралы құжаттарда әкелген дәрі-дәрмектің атын теріс көрсету оқиғалары да тіркелген. Сөйтіп, мемлекет пайдасына алым-салық төлеуден жалтару оқиғасы шыққан.
Облыстық прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша 33 әкімшілік іс қозғалды. Кінәлі адамдар 700 мың теңгенің айыппұлын төледі.