бұл жануарлардың бүкіл мекен ететін аймақтарында мониторинг жүргізуде, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
17 мамырда «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Бетпақдала таралымындағы 4 киіктің қырылуының алғашқы оқиғасы тіркелді. Соңғы деректер бойынша 2880 ұша көмілді. Киіктерді жинау және жою жұмыстарына 90 адаммен 30 техника жұмылдырылды.
«21 мамырда Ақмола облысының Жарқайың және Жақсы аудандарында мыңнан аса киіктердің өлекселері табылды. Қостанай облысының Амангелді ауданына қазірдің өзінде 40 мыңға жуық киік ұшасы көмілді, шамамен тағы 20 мың өлген жануарларды көму керек. Санақ ұшаларды көму кезінде жүргізіледі. Сондай-ақ Жангелді ауданында алдын-ала ақпарат бойынша 25 мың киіктің өлгені тіркелді. Жалпы алғанда, Қостанай облысы бойынша қырылған киіктер саны шамамен 80-85 мыңға жетуі мүмкін. Киіктерді жинау және жою жұмыстарына 534 адам мен 93 техника тартылған. Киіктер арасында аурудың неліктен орын алып жатқаны осы уақытқа дейін беймәлім», делінген хабарламада.
Киіктердің жаппай қырылуы олар төлдейтін және осы жануарлардың тұрақты мекендеу орны болып табылмайтын өңірде орын алып отырғанын атап өту керек. Киіктер қысты республиканың оңтүстік аймақтарында өткізіп, көктемнің келуімен солтүстікке қарай қоныс аударған.
Болған оқиға жайында облыстар әкімдіктеріне, ТЖ бойынша өңірлік қызметтерге, Бас прокуратураға, ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешенінде экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетіне, ҚР БҒМ мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарына, ҚР АШМ Ветеринариялық бағалау және қадағалау комитетіне хабарланды.
Бұдан бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағында мекендейтін киіктер таралымында жұқпалы аурулардың таралуының эпизоотиялық мониторингі және алдын алу әдістерін әзірлеу» деген атаумен жалпы сомасы 332 млн. теңгені құрайтын 2012-2014 жылдарға арналған бағдарламаның тапсырыс берушісі болды. Бағдарламаны орындаушы болып ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты айқындалды. Зерттеулер шеңберінде киіктер таралымындағы жұқпалы аурулардың эпизоотиялық мониторингін жүргізу, сондай-ақ киіктер ауруларының диагностикасы мен профилактикасының заманауи жедел әдістерін әзірлеу көзделді. Киіктердің кенеттен және жаппай қырылып қалу себептері күні бүгінге дейін анықталған жоқ.
Қазіргі кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың жаппай қырылу себептерін анықтауға көмек көрсету үшін сарапшылар жіберу жөнінде Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі хатшылыққа (Бонн конвенциясы) ресми өтініш жасады. Бүгін Астанаға Ұлыбританиядан Корольдік Ветеринария колледжінің өкілі Ричард Кох келді. Сондай-ақ зерттеу жұмысына Франкфурт зоологиялық қоғамының өкілі Штефан Цутар (Германия) тартылды.
Бұған қоса, АШМ Жалпыресейлік ветеринариялық микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтына (Покров қ.) хабарласып, жауап күтуде.
Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың сараптамасының нәтижесі бойынша Қостанай облысындағы Бетпақдала популяциясының киіктері пастереллезден жаппай қырылғандығын көрсетті.