Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев хабарлады.
"Өздеріңіз білесіздер, аталған өңірде 11 мамырда шамаман 117 киіктің ұшасы табылған болатын. Бүгінгі күні мерт болған киіктердің саны 1000 бастан асып отыр. Бұл мәселе бойынша Бас прокуратура, энергетика, білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ішкі істер министрліктері хабардар етілді. Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінде аумақтық және республикалық өкілдерден жасақталған штабтар құрылды. Олар оқиғаның себеп-салдарын анықтау үстінде", - деп атап өтті Е.Нысанбаев.
Оның айтуынша, мамандар су, топырақ және биологиялық материалдардың сынамаларын алуда. Киіктердің қырылу фактісінің себептерін анықтау үшін мерт болған жануарлардан патматериалдар алынып, республикалық ветеринарлық зертханаға жолданған. Алдын ала нәтижелер бір аптадан кейін жарияланады.
Айта кетейік, киіктердің жаппай қырылу фактісі аймақта соңғы рет Жангелді ауданында 2012 жылдың маусым айында тіркелген. Ол кезде 926 киік пастереллез ауруынан мерт болған. Алдын ала сараптама үш жыл бұрын орын алған жағдаймен ұқсастығын анықтап отыр. Яғни, қыстың ұзақтығы ағзасы әлсіреген жануарлардың инфекциялық ауруларға бейімделгіш болып, төлдеу кезінде мерт болған.
2012 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу институтының ғалымдары арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалардың аясында киіктердің инфекциялық ауруларын зерттеп, оларды алдын алу әдістемелерін әзірлеумен айналысуда. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерінен жасақталған комиссия Қостанай облысында жұмыс істеп жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, 2014 жылы Қазақстанда киіктердің саны 256,7 мыңға жеткен. Киіктерді қорғау және өсіру бойынша қолданылып жатқан шаралардың арқасында соңғы он жылдың ішінде киіктердің саны республика бойынша 12 есеге артқан. Өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киік мүйіздерін саудалауға қатысты және браконьерлік сипаттағы 70 фактіні анықтаған.
2015 жылдың сәуір-мамыр айларында "Охотзоопром" ӨБ" инспекторлары Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясына кезекті әуе санағын өткізіп жатыр.