Қатты соққан боранның әсерінен Қостанай облысының бірнеше ауылында жол қатынасы үзіліп қалды, көлік қозғалысы шектелді. Осындай жағдайда Келмұқанбетовтер отбасы екі жасар баласын аудандық ауруханаға жеткізе алмай қиналып, Түргенев ауылдық округының әкімінен көмек сұраған. Алайда, округтегі арнайы техника қалың қарды тазалай алмады.
Бұл мәселенің мән-жайын естігеннен кейін «Желқуар» шекара комендатурасының коменданты капитан Сухраб Мұсаев тез арада жоғарыдағы басшыларына хабарласып, жол талғамайтын арнайы көлігін жолға шығарды. Сырқат баланы анасымен бірге алып қайтпақ болған (40 шақырым) шекарашылар өздерімен бірге аудандық электр стансасының мамандарын ерте шықты. Екі жастағы Әмір Жітіқарадағы ауруханаға дер кезінде жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.
«Баланы құтқарып, сонымен қатар ауылдағы электр стансасын жөндеуге көмек көрсеткен шекарашыларға Әмірдің ата-анасы мен туған-туыстары өздерінің шексіз алғыстарын білдірді»,-делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің мәліметінде.