Қостанай облысында үш тәуліктен бері орман өртеніп жатыр



Өрт 30 тамызда түс әлетінде Алтынсарин ауданындағы Красный Кардон ауылынан 10 шақырымдағы Арқарағай орман шаруашылығында басталған. Қазіргі жағдаймен 4000 гектарға жуық орман массивін өрт шалып отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, тілсіз жауды ауыздықтауға 2,2 мың адам, соның ішінде өрт сөндірушілер мен тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Барлығы 120 техника, соның ішінде өрт сөндіруші үш поезд пен бір тікұшақ тартылған. Облыс әкімі өрт шыққан жерде жүр.

Қолданылып жатқан барлық шараларға қарамастан, от жайыла түсуде. Бұған облыста екі аптадан бері созылған аптап ыстық әсер етуде. Ауаның температурасы 35 градусқа жетуде. Ал 31 тамыз күні тістен кейін жел шықты. Бұл өрттің тез таралуына алып келді.

Соңғы мәліметке сәйкес, жалынды жартылай ауыздықтауға мүмкіндік туған. Әзірге шығын көлемін есептеу мүмкін болмай отыр.