«2014 жылы облыста жасөспірімдер арасында 65 өз-өзіне қол салу фактісі тіркелген. Оның 11-і қайғылы оқиғамен аяқталып, 54-інің алдын алуға мүмкіндік туды», - деп хабарлайды Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Қостанай облыстық басқармасынан.
Ведомство ақпарына қарағанда, 2013 жылы облыс аумағында жасөспірімдер арасында 59 суицид фактісі тіркеліпті. Өкінішке орай, соның ішінде 15 баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
«Келтірілген статистика жасөспірімдер суицидінің 10 пайызға артқанын көрсетіп отыр», - делінген хабарламада.
Өз-өзіне қол салған жасөспірімдердің жасы 15 пен 17 аралығында. Оның басым бөлігі қыз балалар. Мәселен, 2013 жылы 37 қыз және 22 ұл бала, ал, 2014 жылы 43 қыз бен 11 ұл бала өз еркімен өмірмен қош айтыспақ болған.
Өрімдей балалардың өз-өзіне қол салуына отбасындағы ұрыс-керіс, ұнататын адамымен келіспей қалу, күрделі әлеуметтік-психологиялық ахуал, сондай-ақ, ата-аналардың перзентіне тиісінше көңіл бөлмеуі сынды тұрмыстық проблемалар түрткі болады екен.