Қостанай облысының әкімі қызметінен босатылды.
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин Қостанай облысының активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында К.Мәсімов ҚР Президентінің облыс әкімінің орнына Архимед Мұхамбетовті ұсынуы жөніндегі хатты оқыды.
Депутаттар бірауыздан аталған кандидатураны қолдады.
Облыс активі алдында сөз сөйлеген К.Мәсімов жаңа өңір басшысының алдында Президент тапсырған экономика өсімін қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, интеграциялық үрдістерді дамыту және азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша бірқатар міндет тұрғанын айтты.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі А.Мұхамбетов Елбасының сенімін ақтайтынына сенетінін жеткізді.
Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов 1972 жылы туған. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген. Мамандығы бойынша - инженер-электрик, қаржы бакалавры.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды.
2011 жылғы 22 шілдесінен осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарған.