Қостанай облысының диқандары 2013 жылға тұқымдық бидай жетпейді деп мәлімдеді

«Шаруаларға 53 мың тонна тұқымдық бидай жетпей жатыр. Бұл цифр бұдан әлдеқайда жоғары болатын. Қазір шаруашылықтар бір-бірімен келісіп, тығырықтан шығу жолдарын іздестіріп жатыр. Көктемгі егіс науқанын өткізу үшін 578 мың тонна тұқым қажет», - деп «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне облыстың Ауыл шаруашылық басқармасының аға маманы Нина Бердникова хабарлады.

Оның айтуынша, тұқымдық бидай тапшылығына биылғы егістің нашарлығы ықпал еткен.
«Астық аз жиналды. Бункерлік салмақпен 2 млн 800 мың тонна астық жинап алдық. Нақты қанша астық алынғанын әлі есептеп жатыр. Егістіктің 1 гектарынан 6,9 центнер ғана өнім алынды», - деп түсіндірді ол.
Сөз соңында Н.Бердникова жергілікті билік диқандармен бірге мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр деп қорытты.