Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бастапқыда "кеңсенің шатырынан секіріп түскен бір жас жігітті көрдім" деп жауап берген күзетші қазір бұл сөзінен қайтып отыр. Оның айтуынша, жалған ақпарат беруге "ғимаратты дұрыс күзетпедің деген жауапкершіліктен қорқу" себепші болған. Сонымен бірге кеңсенің есіктері мен терезелерінен бұзу белгілері мен еденнен тұтану белгілері табылмаған.
Бұған қоса оқиға болған жерде өз бетімен бейнетүсірілім жасаған штаб қызметкерлері тергеуге қажетті айғақзаттар мен дәлелдерді жойып жіберген болуы мүмкін деген жорамал айтады. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, тәртіп сақшылары "өрт шыққаны туралы ақпарат полицияға 5 сағаттан кейін келіп түсуіне байланысты түсіріп алынған материалдардың көмегімен оқиға орнын жан-жақты әрі егжей-тегжейлі зерттеу үшін және іс материалдарына қосу үшін" штаб қызметкерлерінің бейнекамерасын алған.
Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, өртке қарсы күрес қызметінің мамандары сонымен бірге штабтың пәтері тұтана бастаған сәтте екі монитор, компьютер блоктары мен су қыздырғыштың тоқтан ажыратылмағанын анықтады.
Қазіргі таңда полиция қасақана өртеп жіберу және салақтық салдарынан өртеп алу сынды бірнеше жорамалды тексеруде. Тәртіп сақшылары тергеу мақсатында оқиға орнынан табылған бос бөтелкені алды. Ол жанармай материалдары құйылған болуы мүмкіндігін тексеру үшін сараптамаға жөнелтілді.
Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі оппозицияның сараптама қорытындысы белгілі болмай, тергеу тұжырымы жасалмай тұрып аттандаған асығыс мәлімдемесін қоғам назарын аудару қамын күйттеген қитұрқы қадам деп бағалайды.
Полициядағылар осынау қылмыстық іске қатысты тергеу барысы мен оның нәтижелері жұртшылық назарына жеткізіледі деп сендіреді.
Президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі Қостанай облыстық қоғамдық штабтың кеңсесіндегі өрт қыркүйектің 24-інен 25-іне қараған түні шыққан.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті