Қостанай қаласын топан су басып қалу қаупі төнді


Өзеннің жағалауына бақылау бекеттері қойылған. Тілсіз жау шайып өткен үш аудандағы үйлер мен аулаларға су сору құрылғылары қойылған. Дегенмен, облыстағы Қаратомар су қоймасы ернеуіне жете толған, қазір ағынды су Тобыл өзеніне жіберілуде. Су бөгетінің жарылып кету қаупі төнгендіктен түстен кейін Тобылға жіберіліп жатқан су көлемі екі есеге ұлғайтылған. Соның салдарынан облыстағы ең ірі өзендегі су деңгейі күрт көтеріліп кеткен. Ағынды су кешке таяу Қостанай қаласына жетеді деп жоспарлануда. Санаулы сағатта жергілікті атқамінерлер бір амалын ойлап таппаса, Қостанай қаласының су астында қалу қаупі бар. Құтқарушылар тұрғындарды төтенше жағдайға дайын болуға шақыруда. Естеріңізге салсақ, Ресеймен шекаралас Қостанай облысының үш ауданы өткен жұма күні су астында қалған еді. 300-ден астам адам/ қауіпсіз жерге көшірілген. Алдын ала мәлімет бойынша, су тасқынының салдарынан 48 үй  тұруға жарамсыз боп қалған.