Қостанайда 1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтері көтерілді

"Өтемдік тарифтің күші жойылуға байланысты 1-сәуірден бастап жылыту тарифтері 0,2%-ға, ыстық су тарифтері 3%-ға өседі", -деді ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облыстық басқармасының бастығы міндетін атқарушы Николай Пичкарев.

Өтемдік тариф қала тұрғындарынан негізсіз жиналып келген ақшаны қайтару үшін осыдан бір жыл бұрын енгізілген.

Сөйтіп, жылу тарифі 13 тиынға өсіп, 1 шаршы метр үшін 85 теңге 58 тиын болмақ. Ал ыстық судың бағасы тиісінше 4 теңге 74 тиынға қымбаттайды, қала тұрғындары бұдан былай 1 текше метрі үшін 162 теңге 83 тиын төлемек. Ыстық судың бағасы қараша айында суық судың бағасы көтерілуге байланысты біршама өскен.

Н. Пичкаревтың айтуынша, "1 мамырға дейін нарықтағы барлық доминанттардың өтінімдері қаралады". "Баға электр қуатының құны өсуге байланысты көтерілуі мүмкін. Қандай жағдайда да коммуналдық қызмет тарифтері мен нарықтағы доминанттардың өнімдерінің құны қазіргіден 15,8%-дан аса өспейді", -деп сендірді Н. Пичкарев.