Қостанайда есірткі тасушыдан 1 килограмнан астам героин тәркіледі

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 36 жастағы облыс орталығының тұрғыны 29-желтоқсанда ұсталған. Тінту кезінде оның ішігінің қалтасынан тәртіп сақшылары 3,32 грамм героин тапты. Оның автокөлігінен тағы да 1,84 грамм, ал үйінің ауласындағы құпия қоймадан 1 килограмнан астам героин табылды.

Полицияның ақпаратына сәйкес, құқық қорғау органы қызметкерлеріне есірткіні табуға Бард атты иісшіл ит көмектескен. "Бақшада жасырылған есірткі салынған целлофан дорба тек спаниель итінің арқасында ғана табылды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жалпы алғанда өткен жылғы қаңтар және желтоқсан айлары аралығында Қостанай облыстық ІІД-нің есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері 240 килограмм есірткілік заттарды, соның ішінде 1,5 килограмм героинді заңсыз айналымнан шығарды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті