Бұл аутизм спектрі бұзылған (AСБ) балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін көптен күткен үлкен қуаныш. Себебі «Қамқорлық» жаңа орталығында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мен дамыту үшін қажетті кешенді көмек пен қолдау көрсетіледі.
Ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР-дағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Қамқорлық қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі Динара Зәкиева, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» Қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, «Қамқорлық қоры» Қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Орталық құру үшін облыс әкімдігі бұрынғы балабақшаның ғимаратында күрделі жөндеу жүргізді. Бөлменің интерьері аутизммен ауыратын балаларға қажетті жайлылық пен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, бір стильде жасалған. Әрбір деталь әр баланың дамуына қажетті ортаны қамтамасыз ету үшін мұқият ойластырылған әрі бейімделген.
Орталықта әр баланың даму ерекшелігін ескере отырып әзірленген жеке бағдарламалар бойынша балалармен жұмыс істейтін әртүрлі бейіндегі мамандар жинақталған. АВА-терапиясы – балалармен жұмыста басты орында, оған дефектолог, логопед, психолог, кәсіби терапевт және бейімдік дене шынықтыру нұсқаушыларының сабағы қосылады. Мамандар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен бірнеше кезеңде білім алып жатыр.
Орталықтың қызметтер кешені дәстүрлі түзету әдістерін ғана емес, робототерапия, арт-терапия, қыш жасау және ата-аналармен арнайы жұмыс сынды инновациялық бағыттарды да қамтиды. «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары кабинеттерді жиһазбен және техникамен жарақтандыруды қаржыландырды, орталықта қызмет Халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бағыты бойынша тегін көрсетіледі.
- Аутизмі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығының ашылуы – Қостанай облысында АСБ-ның ауыр түрлерімен ауыратын балаларға ұзақ мерзімді қолдауды қамтамасыз етудегі маңызды қадам. «Қамқорлық» орталығы олардың қоғамға сіңісуі жолындағы уақытылы дамуы мен қолдауын қамтамасыз етуге арналған. Біз Қазақстанның 5 өңірінде көмек көрсетілетіне қуанамыз, аутизмнің әртүрлі нысаны мен ақыл-ой кемістігі бар 440-тан астам бала осы орталықтарға барады. Жыл соңына дейін серіктестермен бірлесіп тағы екі өңірде - Ақтөбе және Маңғыстау облысында «Қамқорлық» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Қамқорлық қоры» Корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.