Қостанайда суыққа төзімді Уссурия алмұрты, Пенсильвания мойылы отырғызылды

Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, Қостанай көшелері мен скверлерге, қаланың кіреберісі мен шығар жолдарға 700-ге жуық ағаш отырғызылған. Олардың арасында Уссурия алмұрты, Пенсильвания мойылы, шетен, сібір алмасы, қызыл бүрген мен сібір шыршасы бар.

«Қаланың көгалдандырумен айналысатын мамандар ағаштың суыққа төзімді түрлерін әдейі таңдап алып отыр», - делінген хабарламада.
Әкімдік мамандары келесі көктемде бұл ағаштар Қостанай қаласын ажарландыра түседі деп үміттенеді.
«Мысалы, Уссурия алмұрты өте сұлу ағаш: көктемде ол ірі-ірі әппақ гүлімен көз тартады, жазда жапырақтары шатыр сияқты дөңгеленіп тұрады. Ал, күзде жапырақтары шымқай қызыл түске боялады», - дейді әкімдік өкілі.