Людмила Тупицина 5 жасында көз жанарынан айырылған. Айтуынша, тұмаудың асқынып кетуі себеп болған. Сөз құрастырып, өлең жазуға 1 жыл бұрын ден қойыпты. Осы уақыттың ішінде 100-ге жуық жыр шумақтарын шығарған. «Бойыма шабыт күтпеген жерден келді», - дейді әуесқой ақын. Демеушілердің көмегімен бұл кітаптың жалғыз ғана данасы шығыпты. Жүзге жуық өлеңдердің басым бөлігі Хамит Есмұратовтікі. Әскерде жүргенде жазатайым жанарына зақым келген. Қазір екі көзі су қараңғы. Хамит көптен бері жинақтаған шығармаларының жарық көргеніне риза.
«Мынау мүгедектер, көзі көрмейтін адамдар өзінің істеген жұмыстарын көрсетіп, жұртқа білдіртіп дегендей үлкен жұмыс істелінген.Әсіресе мынау кітапхана мен Мария Амиргалиевна коллективіне үлкен рахмет айтамыз», - дейді бірінші топтағы мүгедек, ақын Хамит Есмұратов.
Кітапхананың өзінде айқын нүктелі әріптермен теретін арнайы аппарат бар. Соның көмегімен зағип жандар оқи алатындай бірнеше шығармалар басылып шығарылған. Жаңа жинақ кәсіби деңгейде жасалған, баспаханада түптелген, деп жазады 24.kz.
«Бұл жинақтың ішінде біздің ақындарымыздың өлеңдері үш форматта шығып отыр. Брайля әліппесімен және дискіде шығып отыр. Біздің ақындарымыз өздері бұны ауызша айтып беріп отырады», - дейді Мәрия Дәрменова, облыстық зағип жандарға арналған кітапхана директоры.