Қостанайда жүргізушінің немқұрайдылығы салдарынан адамдардың өмірі қиылды

Апаттың шығуына жол бойында тоқтап тұрған КамАЗ автокөлігінің алды мен артындағы үлкен жарықтарын жақпай қоюы себепші болған. Алдында тұрған жүк көлігін байқамай қалған ВАЗ-2107 маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі қатты жылдамдықпен келіп соқтығысып қалған. Соққының қаттылығынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Оның жанында отырған жолаушылар Меңдіқара аудандық ауруханасына жеткізілді. Жарақаттың салдарынан жолаушылардың бірі аурухананың қабылдау бөлімшесінде қайтыс болса, екіншісі ауыр жарақатпен шұғыл терапия бөліміне жатқызылды.

Қайғылы оқиғаға себепші болған КамАЗ жүргізушісінің кім екені анықталды. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.