«Осы жазда, 15 маусымнан бастап біз 40 жылға жуық жөнделмеген ұшу-қону жолағын қайта жаңарттық. Әрине, бұл жұмыстың тұрғындар мен қонақтар үшін қолайсыздық туғызғаны рас. Ал қазір ұшу-қону жолағының ашылғанына бір айдан асты. Біріншіден, жолақ ұзарып, кеңейе түсті. Бұрын оның ұзындығы - 2,5 шақырым болса, қазір - 2,8 шақырым. Ені де 45 метрден 60 метрге дейін ұзарды. Салмағы шамамен 200 тонналық ұшақты қабылдауға қауқарлы», - деді облыс басшысы.
Архимед Мұхамбетов ендігі міндет - 1975 жылы салынған терминалдың өзін жаңғырту екенін мәлім етті.
«Оған да күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде оның аумағы - шамамен 5 мың шаршы метр. Десе де, заман талабына жауап бермейді. Қазір біз жоба әзірлеп жатырмыз. Ол ақпан-наурыз айларында дайын болады. Осыдан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Жоба құнын айта алмаймын. Себебі, құны жергілікті және республикалық бюджет есебінен анықталады. Ең маңызды міндет - жолаушылар ағымын арттыру. Қазір әуежайда сағатына 200 жолаушы ары-бері қатынаса, біз ең төменгі мөлшерді 250-300 адамға жеткізгіміз келеді», - деді ол.
Аймақ басшысы қазіргі таңда әуежайдан Нұр-Сұлтан, Мәскеу, Алматы, тіпті Мысырға рейстер орындалып жатқанын жеткізді.