Қостанайлық әйел 27 жасында он екі баланың анасы атанған

«Қарлыға балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істеді. 26 баланы қырық шақты күтуші жабылып қарайтын. Қазақ тобында он бала болды. Ол кезде жұбайым екеуміздің екі баламыз бар еді. Жолдасымның денсаулығына байланысты, дәрігерлер екі ұлдан кейін құрсақ көтеруге болмайтындығын ескертті. «Көп балалы болсақ» деген тілек жанымызға маза бермей, ақыры, әкімнің орынбасарына бала асырап алу туралы шешімімді айттым», – дейді отағасы Нұрлан.

Қос жастың шешіміне қолдау көрсеткен сол кездегі Торғай облысының әкімі Жақан Қосабаевтың басшылығымен үш бөлмелі үй тарту еткенін ризалықпен еске алысты.


“Қолымызда азын-аулақ малымыз болды. Сонымен күнделікті ішіп-жемімізді айырдық. Сүт пісіріп, қаймағын алдық, май шайқадық. Айран ұйытып, құрт жасадық дегендей. Өзіміз жемесек те, шошқа бақтық. Бір шошқа он төл береді, бір қойдың бір қозысын қонақ жеп қояды, болмаса өліп қалады. Тауық ұстап, жұмыртқа саттық. Бәрін істедік. Біздің қашанғы әдетіміз – ерте тұрып, ерте ұйықтау. Кім көп еңбек етсе, бақ соған қонады”, – дейді олар.

Қазір балалар түгелдей дерлік отау көтеріп, шаңырақ құрған. Бүгінде бауыр еті балаларынан он немере сүйген Нұрлан мен Қарлыға Жаратқаннан жарылқау тілеген батагөй ата-әжеге айналып отыр.