Аталмыш технологияны ойлап тапқан "Заречное" РМК-ның директоры Валентин Двуреченский оны өз шаруашылығында соңғы бес жыл бойы белсенді қолданып келеді. Осы мерзімде кез-келген ауа райы ахуалында бір гектардан 23-30 центнер көлемінде жоғары түсім алуға мүмкіндік берген бұл технология өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
"Двуреченский ойлап тапқан технология айрықша назарға лайық. Оны тек Қостанай облысында ғана емес, сондай-ақ, республиканың басқа да облыстарында да кеңінен қолданысқа енгізетін мерзім жетті",- деді вице-премьер.
Ылғал үнемдеу технологиясы Қазақстанға тән емес топырақ өңдеу әдісіне негізделген. Күзде сабанды дестеде қалдырмай ұнтақтап, егістікке шашып тастайды. Ал көктемде тікелей соның үстінен тұқым себіледі.
В.Двуреченскийдің пікірінше, ұнтақталған сабан өзіндік кедергі міндетін атқарып, ылғалдың буланып кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ, өсімдік текті органикалық заттар топырақтың азуына тосқауыл болады. Бұл тәсіл сабанды пайдалы жарату проблемасын да шешетіндігімен маңызды. "Сабанды тікелей егістік алқаптарында өртеушілер экологияға қатер төндіруде",- дейді практик-ғалым. Оның айтуынша, алқаптарда сабан жағу ауқымды өрттерге душар етіп қана қоймай, топырақтың құнарлы қабатын құртып жіберуде. Сондай-ақ, одан пайда болған түтін атмосфераны ластап жатыр.
А.Есімовтың пайымдауынша, егістік алқаптарында сабан жағу мемлекетке орасан зор экономикалық зиян шектіруде. "Бұл айрықша күрделі проблема болуына байланысты егістік алқаптарда сабан жағуға үкіметтік деңгейде тыйым салу қажеттігі туындап отыр",- деді ол. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, ылғал үнемдеу технологиясын қолдану және сабанды егістік алқаптарда жағуға тыйым салу мәселелері бойынша үкіметтік деңгейдегі шешімді биыл қабылдау қажет.