Бұл жолы өткен турларға қарағанда командалар арасында қарсыласын аса ірі есеппен ұтқан ешкім болған жоқ. Атап айтқанда "Астана" мен "Шахтер", "Қайсар" мен "Оқжетпес"арасындағы ойын 1:0, "Ақтөбе" мен "Тобыл" кездесуі 0:1 боп аяқталды. Ал «Сұңқар» мен «Атырау» арасындағы ойында есеп ашылмаса, «Тараз» бен «Қайрат» сайысы 2:1, «Жетісу» мен «Ертіс» тартысы 1:2, «Ордабасы» мен «Ақжайық» арасындағы матчта 2:0 есебі тіркелді. Соның нәтижесінде ұпай жоғалтқан оралдықтардан көшбасшылық тізгінді бұл жолы қостанайдың "Тобылы" өз қолына алды. Олардың қоржынында 20 ұпай бар. Одан кейінгі орындарда бір-бірінен 1 ұпайға кейін қалып қойған Орал ("Ақжайық"), Тараз ("Тараз"), Павлодар ("Ертіс"), Қарағанды ("Шахтер"), Шымкент («Ордабасы») аяқдопшылары келе жатыр. Ал атыраулықтар - 12, ақтөбеліктер - 11, Алматы («Қайрат»), Астана, Қаскелең («Сұңқар») футболшылары - 10, қызылордалықтар («Қайсар») - 7, талдықорғандықтар («Жетісу) - 6, көкшетаулықтар («Оқжетпес») - 3 ұпаймен 7-14 орындарға табан тіреуде.