ҚР әділет министрі өзі басқаратын мекеменің жұмысына сын тақты

Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерді адвокаттық және нотариус қызметімен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отыр. Адвокат жетіспеушілігі тіркелген еліміздің 24 ауылдық ауданының бүгінгі жағдаймен 9 ауданында ғана бос жұмыс орындары толықтырылды. Ал 18 аудан нотариус қызметінен мақұрым қалып отыр. Ал нотариалдық конторалардың жұмысы "тіптен сын көтермейді" ,- деді О.Жұмабеков.

Жыл басынан бері 7 нотариусқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Министрдің айтуынша, аса күрделі мәселе ретінде қалып отырған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің арасынан жалпы көлемнің 38%-і қозғалыссыз мүлікті тіркеу саласының, 35%-і қылмыстық атқару жүйесінің үлесіне тиіп отыр. Алғашқы жарты жылдықта Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің 1300 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың 23-і жұмыстан шығарылды.
Сондай-ақ, Оңалсын Жұмабеков әкімшілік қылмыстық істерді сапасыз қозғалту мәселесіне де назар аударды. Мәселен, қозғалған 219 қылмыстық істің 90-ы жабылыпты.
Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2003-жылдың бірінші жартысында 20-дан астам заң жобасы жасалыпты. Олардың арасында жоспардан тыс жасалғандары да бар. Осы мерзімде 88 ғылыми-құқықтық сараптама жасалып, заңды түсіндіру мақсатында 59 заңды қорытынды шығарылған. Жоспар бойынша 11 нормативтік құқықтық акт жобасы жасалды. Есепті мерзімде әділет мекемелеріне 6699 нормативтік құқықтық акт тіркеуге жіберіліп, оның 4407-сі тіркелді. 1009 актіні тіркеуден бас тартылды. Құқықтық нормативтік актілердің заңдылығына бақылау қою бағытында 913 тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде заңсыз қолданылып келген 805 акт әшкереленді.