ҚР Әділет министрлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын мониторингтен өткізеді

"Азаматтарға қолайлы болуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын үнемі мониторингтан өткізіп тұру керек", - деді әділет министрі.

"Елбасы қойған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда алға жоғары талаптар қоя білуіміз қажет", - деді министр мекеме қызметкерлеріне арнаған сөзінде.

Алматы облысына екі күндік сапары барысында З. Балиева Талдықорған қаласы мен облыс аудандарындағы әділет департаменттерін, Халыққа қызмет көрсету орталықтарын аралап көрді.

Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру міндетінен басқа министр сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған басшылардың жауапкершілігін арттыру қажет. "Әрбір басшы тікелей өзі жауапкершілік жүгін арқалайтын болады", - деп атап көрсетті З. Балиева.

Ол ақпан айының соңына таман шыққан сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтардың тамырына балта шабу мақсатында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және алдын алу шараларын жүргізу туралы Әділет министрлігі, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жарлығына назар аударды.