ҚР ақпарат министрі Елбасының атына өзін отставкаға жіберу туралы өтініш берді

ҚР ақпарат министрі, "Ақжол" демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың арнаулы мәлімдемесінде атап көрсетілгеніндей, "оның мемлекеттік қызметке қайтадан оралуы саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыруға септігін тигізу қажеттігінен туындаған болатын". "Өткен мәжіліс сайлауы елімізде саяси және конституциялық реформалардың бастамасы әрі кепілі болуы тиіс еді",- дейді А.Сәрсенбаев. Министр "сайлаудың әділетті, еркін әрі әділ өткізілуі оппозиция, демократиялық күштер мен биліктің жақындаса түсуі үшін берік негізге айналады дегенге өзінің үлкен сенім артқанын" атап өтті.

"Бірақ менің бұл үмітім ақталмады" ,- дейді А.Сәрсенбаев өз мәлімдемесінде. "Саяси реформалар бағдарламасы құр декларацияға айналып, өткен сайлау әділетті әрі ашық өткізілмеді". "Билік әуел бастан-ақ сайлаудың осындай жолмен өткізілгенін қаламағанын көрсетіп берді. Сайлау барысында еліміздің Ата заңы мен басқа да заңдарын бұзу оқиғалары көптеп кездесті".
Осыған байланысты А.Сәрсенбаев "өзінің үкімет құрамында қала алмайтынын, сайлау науқанының барысына араласып, дауыс беру қорытындысын бұрмалауға белсене атсалысқан атқарушы биліктің бір бөлшегіне айнала алмайтынын" мәлімдеді.
"Ақжол" демократиялық партиясының тең төрағасы өз мәлімдемесінде " сайлау барысында жол берілген сансыз заң бұзушылық оқиғаларына кінәлі" ҚР президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовты, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы мен мүшелерін, облыс, қала және аудан әкімдерін "отставкаға кетуге" шақырды.
А.Сәрсенбаев сондай-ақ еліміздегі демократиялық күштерді "өзара күш біріктіре отырып, нақты саяси өзгерістерді жүзеге асыруға қол жеткізуге шақырды".