"Біз аталған қылмыстық істерге (ірі орман өрттеріне қатысты.- Kazakhstan Today агенттігінің ескертуі) тергеу жүргізуді өртке қарсы қызметке беруді ұсынамыз",-деді қоршаған ортаны қорғау заңын бұзушылармен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Наурызбай Хадыркеев.
"Құқық қорғау тәжірибесіне жүргізілген сараптама қорытындысы көрсеткендей, ірі орман өрттеріне қатысты қылмыстық істер сотқа жетпейді, ал өрттің шығуына кінәлілер жазаға тартылмайды",-деді ол.
Атап айтқанда, Н. Хадыркеевтың мәліметінше, соңғы екі жылда комитеттің аумақтық органдары орман өртіне қатысы бар 81 адамды анықтаған. Соңғы екі жылда орман өрті дерегі бойынша 197 материал құқық қорғау органдарына тапсырылған, сол деректер бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды. "Бірақ олардың бәрі қылмыстық құрамның жоқтығынан тоқтатылған",-деп атап өтті комитет төрағасы.
Н. Хадыркеев ағымдағы жылдың 3 қазанында Шығыс Қазақстан облысы "Беген"ауылында орманды даланы шарпыған тілсіз жаудың салдарынан 92 тұрғын үй , екі әкімшілік ғимарат және 600 шаруашылық нысаны өртеніп кеткенін және төрт адамның қайтыс болғанын атап өтті. "Осы өрт дерегі бойынша аталған орман шаруашылығының екі қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, алайда ол іс сотқа дейін жеткен жоқ",-деді ол. Н.Хадыркеевтың пайымдауынша, бұл "құқық қорғаушылардың өрттің шығу себебінің бүге-шүгесіне дейін біле бермейтіндігінен".
Комитеттің ақпараты бойынша 2006 жылдың өрт шығу қауіпі басталған маусымы аралығында ҚР мемлекеттік орман қоры аймағында 959 орман өрті тіркелген. Тілсіз жау 46 160 гектар жерді қамтыған (оның ішінде 21 929 га орманды жерлер). Орман өртінен келген шығын республика бойынша 387 262 мың теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 47% төмен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті