"Мемлекет басшысы алдымызға Қазақстанның бидай экспорттаушы елдердің бестігіне кіру тапсырмасын қойды. Бұл үшін біз жылына кемінде 12 млн тонна бидай экспорттауымыз керек", - деп еске салды А. Күрішбаев.
"Осынша бидайды экспортқа тұрақты түрде шығарып отыру үшін біздің резервіміз бар. Біздің резервіміз - технология мен егістік көлемін ұлғайту. Осының арқасында біз жақын болашақта жылына 26 млн тонна астық өндіре аламыз. Оның 18 млн тоннасы бидай болады және соның 12 млн тоннасын экспорттауға мүмкіндік аламыз", - деп есептейді ол.
Министр қазіргі уақытта Қазақстан астығының Ресей мен Украина арқылы алыс шетелге және Өзбекстан мен Тәжікстанға шығатын экспорт жолдары арқылы жылына 9-10 млн тонна астық экспортталатынын еске салды. "Экспортты ұлғайту үшін біз Каспий мен Қара теңіздерге шыға алуымыз қажет. Біз онда астық термианлдарын салу үстіндеміз. Сол арқылы Еуропа, Солтүстік Африка, Азия және араб елдеріне қысқа жолмен шыға аламыз", - деп түсіндірді ауыл шаруашылық министрі.
"Бір жағынан алып қарағанда, Қытайға экспорттаудың үлкен болашағы бар. Қазір онда жылына 8 млн тонна астық импортталады", - деп толықтырды ол. "Қазір біз өзіміздің астығымызды тым болмағанда Батыс Қытайға шығаруымыз керек. Біздің есепеуімізге сүйенсек, бұл жылына 1 - 1,5 млн тоннаны құрамақ", - деп сөзін түйді А. Күрішбаев.