ҚР ауылшаруашылығы министрі еліміздің негізгі астықты аймақтарын аралауда

Еліміздің ауылшаруашылығы министрі "Заречное" өндірістік-тәжірибелік шаруашылығының егіншілерімен кездесіп, орақ науқанының барысымен және астық түсімінің сапасымен танысты. Егістік алқаптарын аралау барысында министрмен бірге жүрген Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин аймақ ахуалы туралы есеп берді. Оның айтуынша, облыс арзандатылған дизельдік отынды толық алған. "Бізге 1 млрд. теңгенің несиесі берілді, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы несиелік тауарды алдық. Гербицидтер мен пестицидтер де берілген",- деді әкім.

С.Үмбетовтың хабарлауынша, биыл мемлекетіміз агроөнеркәсіптік өндірістерді дамытуға жеңілдетілген несие және дотация түрінде 49 млрд. теңге бөлген. Алдағы жылы бұл сан 58 млрд. теңгеге жетеді, деді министр.
Республика ауылшаруашылығы министрі "қазірдің өзінде астық жинау науқанының алдын-ала қорытындысын шығарып, агроөнеркәсіптік өндірісті дамытудың алдағы қадамдарын белгілеуге болады" , деді. С.Үмбетов мынадай деректер келтірді: "Былтыр біз 14,8 млн. тонна астық жинадық, ал биыл шамамен 12 млн. тонна бастыра аламыз. Өткен жылғыдан 2 млн. 890 мың тонна қор қалды. Нәтижесінде 15 млн. тонна астығымыз бар". "Біз республикадағы қажеттілікке 8,5 млн. тонна астық сақтауға тиіспіз. Ал қалған түсімді қазірдің өзінде сата аламыз",- деді ол.
ҚР Ауылшаруашылығы министрі бұдан кейін Солтүстік Қазақстан облысына барады.