ҚР азық-түлік келісім-шарт корпорациясы 105 млн. доллардың несиесін алды

Бұл несие коммерциялық азық-түлік бағдарламасы аясында қазақстандық дихандардан 2004-жылғы түсімнен 1 млн. тонна бидай сатып алуға және оны экспорттауға арналған. Несиені рәсімдеу жұмыстарын ұйымдастырушы Қазинвестбанк ашық тендер негізінде іріктелді. Ол несиені алу жұмыстарын ұйымдастыруға ең төменгі тиімді баға мен Кредит Суисс Фёрст Бостон Интернэшнл банкімен бірлесе отырып ҚР азық-түлік келісім-шарт корпорациясы үшін несие алуға ең қолайлы жағдайларды ұсынды. Тендерге Қазақстандық және халықаралық алты банк қатысты.

ҚР азық-түлік келісім-шарт корпорациясының бірінші вице-президенті Абай Бейсенбаевтың пікірінше, "ел ішіндегі астықты сатып алу рыногында тұрақтылықты қамтамасыз етуге және оны қолдауға мүмкіндік беретін бұл несие тиімді әрі тартымдылығымен ерекшеленеді. Ірі көлемдегі несие тарту ҚР азық-түлік келісім-шарт корпорациясына 2004-жылғы түсімді сатып алу мөлшерін арттыру арқылы өзінің экспорттық потенциалын ұлғайтуға жол ашады". "Қазіргі жағдаймен 1,5 млн. тонна астық сатып алу жұмыстары қаржыландырылды",- деді А.Бейсенбаев.
Ал Қазинвестбанктің басқарушы директоры Арнат Әбжановтың айтуынша, "бұл сауда-саттық отандық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға мейлінше қолайлы жағдай жасайды. ҚР азық-түлік келісім-шарт корпорациясы - ТМД аумағындағы ең таңдаулы азық-түлік компанияларының бірі. Сондай-ақ, "Trade Finance Magazine" журналының бағалауынша, оның бұған дейінгі алған несиесі 2003-жылғы ең таңдаулы сауда-саттық келісімдерінің тізіміне енгізілді".