Р. Түсіпбековтың айтуынша, "тек 2007 жылы прокурорлар ішкі істер органдары мен қаржы полициясы жасырған, тіркелмеген 3 мың 445 қылмысты анықтап, тіркеуге алды".
Ол бұл мәселедегі заңдылықты бұзғаны үшін Бас прокуратураның ұсынуымен 2 мың 414 шұғыл тергеу қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап көрсетті. "Ендігі жолы ұсынылған кінәлілердің жазасын қылмыстық жауапкершілікке дейін ұлғайтуды қажет деп санаймын", - деді ол. "Тек орындаушылар ғана емес, олардың басшылары да жауап берулері керек", - деді сондай-ақ, бас прокурор.
"Қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісімен бірге біз тергеу органдарынан қылмысты анықтау және тергеу сапасын жоғарылатуды да талап етуге құқылымыз. Өкінішке орай, біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Қылмыстық процессуалдық заңнаманың жиі бұзылуы, қылмысты тіркеуге алудан жасырудағы теріс тәжірибе, азаматтардың конституциялық құқының бұзылуы, кейбір қызметкерлердің төмен деңгейі мен қиянатшылдығы - осының барлығы қылмыспен күрес жағдайына теріс әсер етіп, құқық қорғау жүйесінің қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіреді", - деп атап көрсетті Р. Түсіпбеков.
Мұнай құбырларынан жанар-жағармай, сондай-ақ, қара және түсті металдарды ұрлау деректері қылмыстық тергеу органдарының шұғыл қызметінің сыртында қалып жатыр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өз мақсаттарын орындау және қылмыстық қудалаудан қорғанысты қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан қылмыстық топтар мемлекеттік билік жүйесіне өз өкілдерін енгізу белсенділігін күннен-күнге арттыруда. Мұндай деректер Жамбыл, Ақтөбе және өзге де облыстарда орын алған.