ҚР Бас прокуратурасы Коммунистік халықтық партиясы анықтаған шаруаларды жерлерінен айыру механизмін мойындады

Оның айтуынша, ҚКХП ҚР Бас прокурорының атына арыз жазған. Онда шаруаларды жерінен айыруға қатысты деректерді баяндаған. Тиісті тексерулер жүргізгеннен кейін Бас прокуратура ҚКХП анықтаған деректерді толығымен мойындады.

В. Косаревтің түсіндіруіне сәйкес, ауылдық жерлердегі барлық жерді ҚР Жер кодексі бойынша шартты түрде жер үлестеріне бөліп, шаруаларға таратып берген. Сондай-ақ, мынадай шарт қойылған: 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін жерді не жеке меншігіне сатып алуы керек, не онда өзіндік жеке шаруашылық қызметін бастауы қажет, не құрылып жатқан акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтердің жарғылық капиталына салым ретінде енгізуі шарт.

Алайда, жеткілікті қаражаттары болмауы себепті шаруалардың көбісі мұның бірін де істей алмаған. Сондықтан, бүкіл Қазақстан аумағында құрылып жатқан шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталына жер телімінің құқын беру жаппай белең алған. В. Косаревтің мәліметтеріне сүйенсек, "жер телімдерінің құны әншейін шартты түрде болған. Гектарына 17 - 27 теңге! Бұл Қазақстандағы бір гектар жер бағасының, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірінде 30 мың мен 50 мың теңге аралығында болуына қарамастан!"

В. Косаревтің ақпаратына сүйенсек, "МТС Зеренді" ЖШС құру кезінде шаруалардың бірі 37,8 гектар жерін берген. Ол жер 22 теңгеге бағаланып, инвестор 80 412,5 теңге құйған. Осылайша, шаруа үлесі 0,02 пайыз, ал инвестор үлесі 70 пайыз болған.

ҚКХП баспасөз баянында атап көрсетілгендей, ЖШС қорына тиын-тебенге ондаған гектар жерін берген шаруа осы ЖШС-не жалдамалы жұмысшы болып орналасуға мәжбүр. Жылына дивиденд түрінде 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін алады. Оның өзін қолма қол ақшамен емес, жем-шөп, ұн, нан және т.с.с. заттармен алады. Мұндай ЖШС мен АҚ көпшілігі астық компанияларымен келісімшарт негізінде жұмыс жасайды. Ол компаниялар көлеміне қарамастан барлық шыққан астық түсімін иеленеді.

Қорытындылай келе В. Косарев Бас прокуратураның заңдық негізде тек қана шаруалар ЖШС мен АҚ жарғылық қорларына енгізген жер үлестерінің құнын ғана қайта қарап қоя салмай, келісімшарттағы таңылған шарттарды да қайта қарауды талап еткенін хабарлады. Оның айтуынша, Бас прокуратура тиісті хатты премьер-министр Кәрім Мәсімовке осыдан екі ай бұрын жіберілгенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, ҚКХП Қазақстан үкіметі мен парламентіне жер үлестерін пайдаланудың құқықтық негіздерін, сондай-ақ, астық сатудан түскен қаражатты ашық пайдалану жүйесін қарастыратын арнайы комиссия құруды ұсынуды қажет деп көріп отыр.

Егер де үкімет тиісті деңгейде назар аударатын болса, шаруалар жерлерін қайтарып алады және елді арзан ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуді жақсартады, деп есептейді В. Косарев.