"Біз тиісті ұсынысты үкіметке жолдадық және мемлекеттік холдингтер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен олардың қол астындағы көптеген ұйымдар қазір біздің бақылауымыздан тысқары жатқанын айттық. Ал біз қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жүйесі осы кәсіпорындар мен олардың лауазымды тұлғаларын мемлекеттік қаржылық бақылау аясынан шығаруға мүмкіндік бере алмайды деп есептейміз", - деді А. Кравченко. "Мемлекеттік сатып алулардың субъектілері тек мемлекеттік органдар ғана емес, мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер, тіпті мемлекет қатысуындағы акционерлік қоғамдар да бола алуы керек", - деп сөзін жалғастырды ол.
Өз кезегінде Қазақстан Респуликасының Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Әнуарбек Сұлтанғазин мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы құзырлы органдарда қазіргі уақытта мемлекет активтерін тексеруге құқы барлығын баяндады. "Алайда, қазір "Самұрық", Қазына", "Самғау", сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың құрылуымен мемлекет активтері солардың қолында шоғырлануда. Ал біз олардың еншілес компанияларына тексерумен бара алмай отырмыз". Осыған байланысты Ә. Сұлтанғазин бюджеттен бөлінетін қаржылардың барлығы "Самұрықта" немесе "Қазынада" емес, олардың еншілес және осы мемлекеттік холдингтердің құрамына кіретін компанияларда игерілетінін еске салды.
"Мысал ретінде өткен жылы болған оқиғаны айта аламын. Ол кезде Бас прокуратураның тапсырмасымен біз (ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алулар комитеті - агенттік ескертпесі) "Қазақтелеком" АҚ тексеруіміз керек болды. Алайда, іс жүзінде біз тек мемлекеттік сатып алуларды ғана тексере алдық. Ал қалғанын тексергеміз жоқ. Өйткені, бұл біздің құзырымызда емес", - деп атап көрсетті ол.
"Мен парламент депутаттарының назарын мынаған аударғым келеді. Осы активтерді мемлекет тексере ма, жоқ па соны Бюджеттік кодексте ашық жазғанымыз дұрыс секілді", - деді Ә. Сұлтанғазин дөңгелек үстелге қатысып отырған парламент депутаттарына арнаған сөзінде.