ҚР бас прокуратурасы қаржы полициясынан мемлекеттің экономикалық мүддесін белсенді қорғауды талап етті

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, ҚР бас прокуратурасының коллегиясында экономикалық қылмыстарға қатысты шығындардың орнын толтыруда және осындай қылмыстық істерді доғаруда қаржы полициясы органдары тарапынан заңдылықты сақтау жағдайы қаралды. Шын мәнінде түрлі жұмыстар атқарылып жатқанымен, агенттіктің экономикалық қылмыстармен тиісті деңгейде күресе алмай отырғаны айтылды.

Айталық, экономикалық қылмыстарға қатысты қылмыстық істер бойынша шығынның орнын толтыруға бағытталған белсенді тергеу шаралары қолданылмай келеді. Экономика саласындағы қылмыстық істер бойынша былтыр анықталған 94,5 млрд. теңгенің материалдық шығындардың оннан бір бөлігі ғана өндіріп алынған және ерікті өтелген.
Сонымен бірге қылмыстық істерді заңсыз доғару тәжірибесі белең алған. Тек 2004-жылы прокурорлар қылмыстық іс жүргізуді доғару туралы 700-дей қаулының күшін жойды.
Осыған байланысты бас прокуратура алқасы агенттіктен беті ашылған заң бұзушылық оқиғаларын жойып, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға шаралар қолдануды талап етті.