Білім және ғылым министрлігінің өкілдері университет жатақханасында болған төбелестен қаза тапқан студентке қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР БҒМ баспасөз қызметіндегілер бұл оқиғаның расында да Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеттің жатақханасында болғанын растады. "Білім және ғылым министрлігі болған оқиға жайлы біледі. Қазір мұнымен тергеу органдары айналысатын болады. Тергеу нәтижесі бойынша ресми жауап беріледі", - деді ҚР БҒМ баспасөз қызметіндегілер. Ведомство мәліметінше, қаза тапқан студент - Тараз қаласының тумасы Дидар Болысбек. 17 жастағы студент Дидар Болысбектің әлеуметтік желілердегі парақшасында оған көңіл айтып жатыр. Ал "Вконтакте" желісіндегі парақшасында оның оқу орны Қазақ ұлттық аграрлық университеті, "Орман, жер ресурстары және жеміс- көкөніс шаруашылығы" факультеті екені көрсетілген.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университеттің жатақханасында болған жаппай төбелестен студенттің қаза тапқаны хабарланған болатын. Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 адам төбелескен. Зардап шеккендердің бірі кәмелет жасына толмаған. Төбелеске қатысқан барлық адам ұсталды. Қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.