Бүгін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тәлімгер қауыммен өткізген кездесуінде осылай мәлімдеді. Алдағы оқу жылынан бірінші сыныптың оқушылары жаңа оқулықпен бастайтын болады. Ал жазда 73 мың мұғалім арнайы дайындықтан өтпек. 4 жыл қатарынан біртіндеп енгізілетін жаңа бағдарламаның аясында қазақ тілі пәні мен мемлекеттік тілдегі басқа сабақтардың көлемі 300 сағатқа артады деді министр.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Халқымыз жаппай қазақ тілін меңгеруі тиіс. Сондықтан қазақ, орыс мектебінде бірдей жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеттен бөлек, Қазақстан тарихы қазақ тілінде өткізілетін болады. Әзірге ана тілімізді үйрету әдістемесі ақсап тұр. Бірақ біз оны қолға аламыз. Ал 2019 жылдан бастап химия, биология, физика мен информатика ағылшын тілінде оқытылмақ. Министр сондай-ақ ұстаздарды қағазбастылықтан арылтатын жағдай жасауға уәде берді. Жаңа оқу жылынан бастап есеп-қисап жұмыстары электронды түрде жазылып, ортақ жүйеге енгізіледі. Ал оларды ашып, бақылауға тек министрлік, әкімдіктер мен ата-аналар комитеті ғана құқылы болмақ.