ҚР білім және ғылым министрлігі 12 жылдық білім беру жүйесін енгізуге бағытталған тәжірибе жүзеге асырылып жатқан мектептер санын екі есе қысқартты

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, тәжірибе 2001-жылы басталған. 2003-2004 оқу жылында бағдарламаға 51 мектеп қамтылды. 2004-2005 оқу жылында тәжірибеге қатыстырылатын мектептердің жалпы саны 200-ге жеткізілуі тиіс болатын. Алайда, қаржы тапшылығына және мектептердің материалдық базасына байланысты ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің 2004-жылғы 24-маусымдағы бұйрығы бойынша осындай мектептер саны 100-ге дейін қысқартылды.

Алайда, тәжірибеге балалары іріктеп алынған ата-аналардың хабарлауынша, тізімнен шығарылған мектептердің басшылығына бұл туралы ақпарат тамыз айының соңында ғана таратылған. Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары балалары биыл қарапайым бағдарлама бойынша білім алатыны туралы тек 13-қыркүйекте, ата-аналар жиынында ғана хабардар етілген.
12 -жылдық білім беру проблемаларының орталығы директорының орынбасары Марьям Мукатованың айтуынша, әзірге тәжірибе тек оң нәтиже беруде. Алғашқы жыл қорытындысы бойынша, тәжірибеге 51 мектептің 58 сыныбында оқитын 1233 оқушы қатысты. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін 32, орыс тілінде білім беретін 26 мектеп тәжірибеге жұмылдырылды.
Бірінші сыныпты жаңа бағдарлама бойынша аяқтаған оқушылар арасындағы тест қорытындысына сәйкес 596 бала "жоғары деңгейде", 480 бала "ортадан жоғары", 177 бала "орташа " білім деңгейін паш еткен. Ал "ортадан төмен" білім көрсеткен бала болған жоқ.
Оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы анкета жинау қорытындысы көрсеткеніндей, балалар мектепке оңай бейімделіп, 100 процент үлгерім көрсетіп, білім алуға деген құштарлық танытқан. Оқушылардың денсаулығы да жақсы болды.