ҚР білім және ғылым министрлігі мен Корея еңбек министрлігі Қазақстанда кәсіби және техникалық білімді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Құжатқа Қазақстан тарапынан білім министрі Жансеиіт Түймебаев қол қойса, екінші жақтан Корея Республикасы еңбек министрлігінің адам ресурстарын дамыту қызметінің президенті Даи Хунг Янг қол қойды

Кездесу барысында, қазақстандық мамандарды Кореяда оқыту және Қазақстанда ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдана отырып ашылған біліктілікті арттыру курстарында қазақстандық мамандарды қайта дайындауға кәріс сарапшыларының қатысуы мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Ж. Түймебаев Корея республикасының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің вице президенті Ли Хе Гюнмен кездесті. Тараптар Корея республикасының сарапшылар тобы мен ҚР білім және ғылым министрлігінің "Корея-Қазақстандық ақпараттық коммуникациялық технологиялар жөніндегі білім орталығын" құру туралы пікір алмасу хаттамасына қол қойды.

Қазақстанның білім министрінің айтуынша, аталған Орталықты Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің негізінде ашу көзделген. "Орталық құрылысы университеттің студенттер қалашығы территориясында жүргізіледі, ол 3 мың шаршы метрді қамтиды, болашақта Орталықтың ғимараты мен жабдықтары университетке қайтарымсыз берілетін болады",-деп атап өтті Ж.Түймебаев.

Оның айтуынша, Орталықтың құрылысы мен жабдықтарын Корея үкіметі қаржыландыратын болады, олар осы мақсатқа 3 млн$ қарастырған , оның ішінде 1,5 млн $ - ғимарат құрылысына ,1,5 млн $ - оны қазіргі заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады. "Орталықта үнемі жұмыс істейтін менеджерлерді, ғылыми техникалық кадрларды дайындайтын, IT-технологиясы саласындағы мамандарды қайта дайындап, біліктілігін арттыратын көп салалы курстар ашу жоспарланған",-деп атап өтті министр.

ҚазҰТУ проректоры Бейсенбай Ысқақовтың айтуынша, жоба Орталық құрылысы туралы келісімді Қазақстан мен Корея үкіметтері мақұлдағаннан кейін жүзеге асырылады. "Бұл жоба биыл жүзеге асырылады деген ойдамыз, ал Орталық 2009 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз",-деді ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті