ҚР Білім және ғылым вице-министрі ТарМПИ-да болды

Сапар аясында Тахир Оспанұлы оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі.

Министр алдымен «Жерұйық» этнографиялық орталығын аралады. Онда ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған. 3D форматындағы аудиторияда кең дала, жайлау және киіз үй бейнеленген. Орталықтың басты мақсаты - Мемлекет басшысының ел тәуелсіздігін баянды етудегі, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырудағы ерен еңбегін насихаттау, ұлттық тарихымызды ұлықтау. Бүгінде мұнда институт студенттерімен арнайы сабақтар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ қонақтар жуырда ашылған Мырзатай Жолдасбеков атындағы Академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар орталығына аялдады. Бұл орталықтың басты мақсаты - ақпараттық технологияларды заман талабына сай пайдалана отырып, жастардың ғылыми ізденісіне жол ашу, сапалы жоғары білікті мамандарды дайындаудағы креативті ой-пікірлерді жинақтау, тарату. Шығармашыл жастардың ортасын құрып, рухани әлемін жаңғырту, студент жастардың әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер беру болып табылады.

«Институт шет елдің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен ылғи да әріптестік байланыстар орнатып, білім беру саласын кемелдендіру мәселелері бойынша серіктестік қатынастарын нығайтып отыр», деп атап өтті ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова.

Сонымен қатар вице-министр «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов атындағы оқу-әдістемелік кабинетінде, Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықта болды. Атқарылған жұмыстармен жете танысқан Тахир Оспанұлы төл тарихымызды терең зерттеп-зерделеуде осы тақылеттес орталықтардың атқаратын рөлі зор екенін атап өтті.


Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру және көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау басты мақсаты болып табылатын орталықта бұған дейін 30-дан астам ғылыми еңбек жарыққа шықты. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы, «Қазақ хандығы» монографиясы, «Тұрар Рысқұловтың биохроникалық күнделігі», «Жетісу Ресей империясының құрамында» және «Түркістан» жинағының қос томы т.б. бар.