ҚР денсаулық сақтау министрлігі СПИД-пен күрес бағдарламасының жүзеге асырылу барысына қанағаттанбайды

А.Белоногтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруға бастапқы кезеңде 22,8 млрд. теңге бөлу межеленді. Бұл мақсатқа республикалқ бюджеттен 47,3 млн. теңге, жергілікті бюджеттерден 358,3 млн. теңге, басқа көздерден 22,4 млрд. теңге бөлу көзделген.

Алайда, 2002-2004-жылдар аралығында бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен небәрі 28,4 млн. теңге бөлінді. Вице-министрдің айтуынша, ҚР әділет министрі, ішкі істер, қорғаныс, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және қоғамдық келісім сынды 7 министр сонау 2002-жылы СПИД індетінің етек алуына қарсы күрес бағытындағы тиісті ведомстволық бағдарламаларды бекіткен. Бірақ солардың арасынан денсаулық сақтау, ішкі істер және әділет министрліктері ғана бағдарламаны белсенді жүзеге асырып, соған сәйкес, осы министрліктер ғана республикалық бюджеттен қаржыланды. "Қорғаныс министрлігі мен білім және ғылым министрлігі бағдарлама бойынша республикалық бюджеттік комиссияға өз өтініштерін жолдаған жоқ",- деді вице-министр.
А.Белоногтың хабарлауынша, "ҚР ІІМ мен Әділет министрлігі мекемелерінде ВИЧ індетіне ерікті түрде тексеруден өту аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр". Вице-министрдің мәліметіне сенсек, 2004-жылы түзету мекемелерінде сотталғандардың 34,5 проценті ғана ерікті тексеруден өтсе, ІІМ мекемелерінде 53 проценті ғана тексеруден өтті. "Қазақстандық әскерилер арасында 2003-жылы мерездің таралу көрсеткіші 3,3 процентті, С гепатитінің таралуы 3,5 процентті құрады. Бұл - аталмыш ортада ВИЧ індетін жұқтыру мүмкіндігінің жоғары екенін айғақтайды",- деді А.Белоног.
Сонымен бірге вице-министр СПИД-пен күрес бағдарламасына арналған қаржының жергілікті жерлерде пайдаланылу жағдайына көңілі толмайтынын білдірді. Оның айтуынша, 2002-2004-жылдары бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттерден 389,4 млн. теңге бөлінсе, оның 65 проценті білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға пайдаланылған. Осы орайда жекелеген аймақтарда СПИД орталықтарын ұстауға арналған қаржы мен бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған қаржы өзара бөлінбеуге байланысты "бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы жеткілікті" сияқты көзқарас тудырады, деді А.Белоног.
"Еліміз "Әскери қызметкерлер, әскерге шақырылған жастар мен сотталғандар арасында ВИЧ/СПИД-тің алдын алу" жөніндегі жобаны қаржыландыруға СПИД-пен күрес жөніндегі Ғаламдық қордан 5 млн. доллар бөлу туралы өтініш жолдады",- деді министрдің орынбасары. Оның айтуынша, бұл бағдарламаны жасауға әділет, ішкі істер, қорғаныс, ішкі әскерлер мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері атсалысты.