Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс депутаттарынан жасақталған бастамашы топ "Атамекен" одағының жетекшілерімен бірлесе отырып мемлекет басшысына өнім өндірумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері үшін салық каникулын енгізу туралы өтініш жолдаған.
"Оларды корпоративтік және әлеуметтік салықтан босату туралы ұсыныс жасалған. Осындай жеңілдік жасаудан мемлекеттік бюджетке небәрі 10 млрд. теңгенің шығыны келер еді. Бұл - барлық бюджет кірісінің 1 процентіне де жетпейді",- деді баспасөз мәслихатына қатысушылар.
ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өтінішті саралау нәтижесінде салық жеңілдігін енгізуге қарсылық білдіріп отыр. Министрлік оны былай деп түсіндіреді: "салық каникулы рынок қатысушыларының бір бөлігі үшін жеңілдік туғызса, екінші бір бөлігінің мүддесіне қайшы келеді. Сонымен бірге ол бизнестің басқа түрлері үшін салықтан жалтарып кету мүмкіндігін тудыруы мүмкін".