ҚР Елордасы астана күнін атап өтуде

Астана әкімшілігінің ақпараты бойынша, шаралар жоспары Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының жас мөлшеріне, қызығушылығына қарай жасалыпты.

Таңертеңгі сағат 10-да Астанада ескекті қайықтар жарысынан ашық турнир басталды. Ал Қабанбай батыр кесенесінің жанында астаналық марафон, Оқушылао сарайының жанындағы алаңда "Астана, мен сені сүйемін!" деген тақырыпта балалар арасында асфальтқа салынған суреттер байқауы өтуде. Ал сағат 11-де осы алаңда "Таңғажайып әлем" деп аталатын балалар шығармашылығының байқауы басталады.
Астананың орталық саябағындағы бүгінгі күн Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналмақ.
Астана тұрғындары мен қала қонақтарына әртүрлі бүкілхалықтық той-думан бағдарламалары ұсынылады. Атап айтсақ, "Біз аяулы Астананы мақтан тұтып, Елорданың мерейін асырамыз!" деген тақырыпта кітап және поэзия мерекесі, ал Елорданың Абай даңғылында ұлттық-мәдени орталықтардың қатысуымен достық мейрамы, Кенесары көшесінде күлкі және әзіл-сықақ мейрамы, "Астана-сити" алаңында гүлдер мейрамы өтеді деп межеленген.
Ал Есілдің жағалауында ғашықтар мерекесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сұлулық тойы, би мерекесі, этно-ауылдағы думандар, Астана аспаздарының фестивалі мен жыл сайынғы қалалық"Қымызмұрындық" фестивалі де тойды одан бетер қыздыра түспек.
Ал түстен кейін қала көшелерінде барабаншы-кадеттер, спортшылар мен үрмелі аспаптар парады, сондай-ақ, хостес және массагедші қыздар шеруі өтеді. Шахматтан балалар арасындағы Еуразиялық олимпиада аяқталып, Қазақстан суретшілерінің көрмесі ашылады.
Соғыс және еңбек ардагерлері Астананың орталық саябағында өтетін "Қалалық
бақта ..." деп аталатын кештікке шақырылған.
Президенттің мәдени орталығында Киев қаласы, Пенза облысы мен Астананың
шығармашылық ұжымдары халық саздарынан концерт қояды.
Ал жеңіл атлетикадан "президенттік миль" деп аталатын бүкілхалықтық жүгіріске қатысуға ниет білдіргендер сағат 17-де "Рамстор" сауда орталығының жанына шақырылады.
Сағат 17-де К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында классикалық балет жұлдыздарының шеруі, сағат 19-да Астананың Конгресс-холл сарайында отандық және шетелдік өнер шеберлерінің қатысуымен "Астана -Еуразия кіндігі" деп аталатын біріккен концерт ұйымдастырылады.
Дәл осы уақытта "Рамстор" сауда орталығының жанындағы алаңда "Астаналық экспересс" атты өнер фестивалі басталып, онда Қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары түн ортасына дейін Астаналықтардың көңілін көтермек. Ал Жастар сарайының алдындағы алаңда "Астана - ел жүрегі!" тақырыбында ән-күй мерекесі өтпек. "Менің Астанам, менің Қазақстаным гүлдене бер!" деп аталатын карнавалдық шеру Елорда көшелерімен түнгі сағат 22-де басталады деп күтілуде.
Ал сағат 23-те Астана тұрғындары мен қала қонақтары мерекелік от шашуды тамашалайды.