ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің мәжілісте жасайтын есеп-баяндамасы кейінге қалдырылды

"Біз қаржылық қамтамасыздық ахуалының өзгеруіне байланысты үкімет басшысымен жүздеспек ниеттеміз",- деді депутат Шаймерден Оразалинов. "Мәселе- министрдің баяндамасында емес, проблеманың нақты шешімін табуында. Біздің міндет зейнетақы мөлшерін ұлғайту аясынан тысқары қалған зейнеткерлерге нақты жауап беруге саяды",- деп атап көрсетті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, депутаттар жазғы демалыстан шыға сала өткізілген палатаның бірінші жалпы отырысында 2003-жылдың 1-маусымынан бастап зейнетақы мөлшерін айырмашылықта өсіруге байланысты ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Г.Қарағұсованың баяндамасын тыңдау туралы бастама көтерген болатын. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, егер үкімет мүшесінің баяндамасын тыңдау барысында қандай да бір заңды бұзу жөнінде қорытынды жасалған жағдайда олар мемлекет басшысына министрді орнынан алу туралы өтініш жасай алады.
KZ-today ақпараттық агенттігіне белгілі болғанындай, зейнетақы мөлшерін алалап өсіру барысының заңдылығына қатысты бір мәжіліс депутатының ҚР бас прокуратурасына жолдаған депутаттық сауалының жауабы мәжіліске келіп түскен. "Зейнетақы мөлшерін айырмашылықта өсіру жұмысын жүзеге асыруға бағытталған ҚР үкіметінің 2003-жылғы 11-маусымдағы №564 қаулысы "Қазақстан Республикасындағы зейнетақы қамтамасыздығы туралы" заңның 5-бабы 3-бөліміне сәйкес қабылданған",- делінген бас прокуратураның жауап хатында. Хат мәтініне сәйкес, "әрбір жеке адамға арналған есеп коэффицентін қолданысқа енгізу заңнама талаптарына қайшы келмейді, ол зейнетақы белгілеуге негіз болатын зейнеткерлердің айлық жалақысына қазіргі нақты ахуалға сәйкес корректировка жасауға мүмкіндік береді",- делінген жауапта.
2003-жылдың 1-маусымынан бастап зейнетақы мөлшерін алалап өсіру нәтижесінде 1 млн. 30 мың зейнеткер ұлғайтылған зейнетақыға ие болды. Бұл - жалпы зейнеткерлердің 64 процентіне тең. Республика бойынша орташа зейнетақы үстемесі 2300 теңгені құрайды. Зейнетақы мөлшерін арттыру нәтижесінде 5-6 мың теңге төңірегіндегі зейнетақы алатын зейнеткерлер саны екі есе азайып, орташа зейнетақы мөлшері 22,2 процентке артып, 6485-тен 7927 теңгеге жетті. Ең жоғарғы зейнетақы алатын зейнеткерлердің саны 1,5 мың адамнан 498 мың адамға жетті.