ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базалық әлеуметтік төлем көлемінің 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап көтерілетінін жариялады

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкімет әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін жоғарылату мақсатымен 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап кейбір әлеуметтік төлемдерге жаңа мөлшер белгілейді. Атап айтар болсақ, ең төменгі күнкөріс деңгейінің болжам мөлшері 10 515 теңгеден 12 025 теңгеге дейін артады.

Сонымен қатар, базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 600 теңгеге, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алушыларға орташа есеппен 1464 теңге, асыраушысынан айырылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға орташа есеппен 1333 теңге, жас мөлшері бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға орташа есеппен 755 теңге қосылады, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бұған қосымша 2008 жылдың қаңтар - маусымындағы ай сайынғы базалық зейнетақыға 600 теңге, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алушыларға орташа есеппен 1464 теңге, асыраушысынан айырылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға орташа есеппен 1333 теңге, жас мөлшері бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға орташа есеппен 755 теңге көлеміндегі өтемақы төлеу қарастырылып жатыр.